Date of publication: 24.12.2014 13:07
Date of changing: 14.01.2015 09:52

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде (ҚР ҚМ МКК) «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформаның жаңа кезеңі» тақырыбындағы семинар өз жұмысын бастап кетті.

Іс-шараны ҚР ҚМ МКК Оқу-әдістемелік орталық ҚР ҚМ МКК Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері үшін ұйымдастырды.

Семинар барысында қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқарушылық кодекстердің жаңа модельдеріне көшу ерекшеліктерін және «Әкімішілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіндегі жаңашылдықты үйрету жоспарланып отыр.

2010 жылғы 5 шілдедегі Кеден одағының және Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың ерекшеліктері туралы шарттың 3-бабы 2-тармағына сәйкес әрбір Тарап кеден заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті біркелкі айқындау бойынша шаралар қабылдауға міндеттенеді.

Аталған Шартты орындау мақсатында ҚР ӘҚБК жаңа жобасын әзірлеу кезінде әкімшілік заңнаманы үйлестіру бойынша барлық шараларды қолданды.

ӘҚБК жаңа жобасында кеден заңнамасын бұзғаны үшін 39 баппен жауаптылық белгіленген (29-тарау, 505-542-б.).

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясында бар жаңа құрамдар көзделді:

-шетел мемлекеттерінің кеден органдары пайдаланатын сәйкестендіру құралдарының тұтастығын бұзу;

-жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған тауарлар мен көлік құралдарын декларацияламауы;

-қолма-қол шетел валютасын декларацияламау және дұрыс декларацияламау;

-кеден бақылауындағы тауарлар әкелетін халықаралық тасымал көлік құралын ауыстыру.

Кеден ісі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық құрамының 80% түзетілді.

Баптардың диспозицияларында «қылмыс белгілері болмаған кезде» деген ұғым алып тасталды, өйткені ҚР Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы № 18 Нормативтік Қаулысының 25-9-б. сәйкес «Егер осындай құқық бұзушылықтар туралы істерді қылмыстық істі қозғауға уәкілетті лауазымды адамдар және органдар сотқа жіберсе, онда көрсетілген адамдар (органдар) әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғалардың әрекеттерінен қылмыс белгілерін таппағанын білдіреді, сондықтан мұндай жағдайда қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулының көшірмесін талап етудің қажеттігі жоқ.».

Тіркелген айыппұл сомалары белгіленді, өйткені айыппұлдың тіркелген мөлшері әкімшілік істерді қарау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жағдайларды жақсартуға көмектеседі.

Бұрын «... коллизияларды жою туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен түзетілген жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәртібін бұзғаны үшін жеке тұлғалардың жауаптылығын көздейтін бап (425-б.) неғұрлым тиімді қолдану үшін пысықталды және 2010 жылдың 18 маусымында жасалған «Жеке тұлғалардың жеке пайдалану үшін тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу және оларды шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау тәртібі туралы» келісімде көзделген тауарларды декларациялау міндетіне енгізілді.

Сондай-ақ осы бап бойынша әкімшілік іс қозғаудың оңайлатылған тәртібі көзделді, бұл халықаралық әуежайларда кедендік бақылау рәсімін айтарлықтай жеделдетеді және оңайлатады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай курстарды өткізу жаңа құқықтық актілердің проблемалы мәселелерін талқылау арқылы әкімшілік және қылмыстық-атқарушылық заңнаманы реформалау жағдайларында құқықтық жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша әрекетті шаралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Лектор ретінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының, Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, ҚазМЗУ-нің өкілдері шақырылды.

Іс-шара ел Президенті бекіткен қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделіне, жетілдірілген әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға және қылмыстық жазаларды орындау жүйесіне көшу жөніндегі бірыңғай мемлекеттік әрекет жоспарын іске асыру шеңберінде жүргізіледі.

Отырыс барысында жаңа кодекстерді әзірлеудің алғышарттары және негізгі ережелері, сот рәсімдері институттары, әкімшілік жазалау шараларын қолданудың маңызды аспектілері және олардың орындалуы, әкімшілік жауаптылыққа тартудың жаңа тәртібі, апробациялық бақылау мәселелері бойынша қылмыстық атқарушылық заңның новеллалары да талқыланатын болады.

Семинарды ұйымдастырушылар мен қатысушылар бірінші жұмыс күнінің қорытындысы бойынша білім семинар барысында алған білім практикалық қызметте пайдалы және қолданылатын болады деген бір пікірге келді.

 

ҚР ҚМ МКК Баспасөз-қызметі

2014 ж. 23 желтоқсан