Date of publication: 31.10.2018 18:04
Date of changing: 31.10.2018 18:05

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

Салық берешегін өндіру бойынша бірлескен шаралардың

жүргізілу барысы туралы

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті 2018 жылдың 29 қазанында «Время» қоғамдық-саяси газетінде Ольга Вороньконың «Без смолы и перьев» тақырыбында жарияланған мақаласына қатысты келесіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 35-бабына сәйкес заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.

Өз кезегінде, мемлекеттік кірістер органдары өздеріне жүктелген міндеттерге сәйкес мемлекеттің мүдделерін қорғауға, салық және бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын мен уақтылығын қамтамасыз етуге міндетті.

Жеке тұлғалардың салық берешегіне келсек, Салық кодексінің нормаларына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерді салықтық берешегі туралы хабарлауға міндетті, егерде салықтық берешегін өтемеген болса, белгілеген нысан бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады және мәжбүрлеп орындау үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына жібереді (Салық кодексінің 128-бабы).

Сонымен қатар, салық органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды, бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды (Салық кодексі 22-бабы).

Осылайша, көлік салығы бойынша берешектерді төмендету мақсатында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Павлодар облысы әкімдігімен бірлесіп, 2017-2019 жылдарға арналған Павлодар облысының жергілікті бюджетіне түсетін міндетті төлемдер бойынша және қосымша резевтерді жинау үшін болжамды көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп бекітілген (бұдан әрі - Жоспар).

Жоспардың 1.11-тармағына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары әкімшілік полиция басқармасымен, облыстық көліктік бақылау инспекциясымен және сот орындаушылары жеке және заңды тұлғаларды автокөлік салығы бойынша берешектерді төлеу үшін бірлескен рейдтік іс-шараларды жүргізеді.

Сонымен қатар, автокөлік құралдарының тоқтатылуы жол-көлік полициясы қызметкерлерімен жол қозғалысы ережелерінің автокөлік иесі бұзған жағдайда ғана жүзеге асырылады.

Өз кезегінде, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері жолдардағы рейдтерде автокөлік салығы бойынша берешектердің болуын тексереді, ал төленбесе, көлік салығы бойынша салық берешегі туралы хабарлама беріледі.

Автокөліктерді айыппұл тұрағына қою - салықтық бұйрықты мәжбүрлеп орындау шараларының бірі және сот орындаушылардың құзыретіне кіретінін атап өту қажет.

Осылайша, жоғарыда аталған рейдтік шараларды жүргізу барысында мемлекеттік кірістер органдарының тарапынан салық заңнамасын бұзу орын алған жоқ.

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)