Date of publication: 16.11.2015 13:02
Date of changing: 16.11.2015 13:03

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

Мемлекеттік кірістер комитеті делегациясының ШЫҰ мүше мемлекеттердің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі

арнайы жұмыс тобының 27-отырысына қатысуы туралы баспасөз релизі

2015 жылғы 10-11 қарашада Санья (КХР) қаласында ШЫҰ мүше мемлекеттердің Кедендік ынтымақтастық жөніндегі арнайы жұмыс тобының 27-отырысы өтті, бұл іс-шараға Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшылары Марина Давидовская мен Салтанат Азаматова қатысты.

Отырыс барысында сарапшылар Бейжің қаласында ағымдағы жылғы 14-15 желтоқсанда ШЫҰ мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары (премьер-министрлер) кеңесінде қол қоюы жоспарланған 2016-2021 жылдарға арналған Кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл бағдарламасының жобасын келісті.

Ресей тарапы ШЫҰ елдеріне транзиттік тауарлар мен ұлттық кепілдік механизмдерін бақылау, ұлттық транзиттік жүйені және тауарлардың транзиті кезінде қағазсыз технологияларды енгізуді интеграциялау қағидаттарын біріздендіруге мүмкіндік беретін ШЫҰ кеңістігінде бірыңғай транзиттік жүйені құру туралы ұсынысымен сөз сөйледі. Қазақстан тарапы Федералдық кеден қызметінің ұсынысын қолдады, басқа Тараптар аталған мәселе бойынша өз мемлекеттерінің ұстанымдарын 2016 жылғы 1 ақпанға дейін жолдайтын болып келісті.

Тауарлардың кедендік құнын анықтау және бақылау үшін қажетті ақпарат алмасу туралы хаттаманың жобасын талқылау барысында Қытай тарапының өткізілетін тауарлардың жоғары, орта және аз құны туралы ақпаратпен алмасуды жүзеге асыруға дайындығы туралы ұстанымын тыңдап, Тараптардың сарапшылары шамалас және ерікті құндарды қолдану ГАТТ қағидаттарына қарсы келетінін атап өтті, осыған байланысты ҚХР Бас кеден басқармасына ШЫҰ кеден қызметтеріне ұсынатын мәлімделген кедендік құнның дұрыстығына бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ақпаратты беру мүмкіндігі туралы мәселені ҚХР мүдделі ведомостволарымен пысықтау ұсынылды.

Отырыстың қорытындысы бойынша тараптар кадрларды дайындау кезінде бірыңғай тәсілдерді қолдану мәселелерін талқылады, кеден органдарының қызметкерлерін кәсіби оқытуда оқытатын бағдарламалар, тәсілдер мен инновациялар туралы ақпараттармен бөлісті. Қытай тарапы 2016 жылы бөлінетін және радиоактивті материалдарға кедендік бақылау тақырыбы бойынша семинар ұйымдастыруды ұсынды.

Келесі кезекті сарапшылардың отырысы 2016 жылғы сәуірде Ресей Федерациясында жоспарланды.

ҚР ҚМ МКК Баспасөз қызметі